Биыл Алматы көшелеріне жаңа 40 бағдаршам орнатылады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Биыл Алматы көшелеріне жаңа 40 бағдаршам орнатылады. Бұл туралы қаланың бас полицейі Қанат Таймерденов есеп беру жиынында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, жол қауіпсіздігі - Алматыдағы өзекті мәселелердің бірі.

«Полиция департаменті қалада жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударады. 2020 жылы жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде жол-көлік оқиғаларының саны 25,9%-ға азайды. Тағы бір айта кететін жайт, жол қозғалысын басқаруды жетілдіру мен жол қауіпсіздігін арттырудың 2021-2023 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді. Көлік апаттарын азайту мақсатында «Vision Zero Almaty» жобасы мен кешенді жоспар аясында 2021 жылы 70 жаяу жүргіншілер өткелі салынады»,- дейді Қанат Таймерденов.

Сонымен қатар, ол қалада жаңа 40 бағдаршам орнатылатынын жеткізді.

«Биыл Алматы көшелеріне 40 бағдаршам нысаны орнатылады. Сонымен қатар, 3 мыңнан астам жол белгілері қойылып, ауыстырылады. Бұл апат деңгейін 15-20% төмендетуге және экологиялық жағдайды 10% дейін жақсартуға мүмкіндік береді», - деп қорытындылады Қанат Таймерденов.