Биыл Алматыда 35 шақырымдық арық жүйесі қалпына келтіріледі - қала әкімдігі

АЛМАТЫ. 5 тамыз. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Биылғы жылы Алматыда 35 шақырымдық арық жүйесі және саябақтар мен гүлзарларды суару жүйесі қалпына келтірілетін болады.

Бұл туралы бүгін Алматыда қаладағы су нысандарына жүргізілген рейд барысында Алматы қаласының Табиғи ресурстар мен табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы бастығының орынбасары Эльдар Келдібаев айтты.

«Арық жасау мен суару жұмыстары ажырамас кешенді жүйе, сондықтан біздің жұмыстарымыз осы екі бағыт бойынша жүргізілуде. Қазір асфальттар төселініп кеткен арықтар қайта қылпына келтірілуде, тесу әдісі бойынша құбырлар қойылуда. Бұнымен қатар, жол шетінде дүңгіршек қойылған автобус аялдамалары жойылатын болады, оның орнына стандартты еуропалық үлгідегі аялдамалар 2014 жылға дейін қойылып бітетін болады»,-деді Э. Келдібаев.

Оның айтуынша, қазіргі таңда қалада, Үлкен Алматы өзені арнасын тазалау мен көгалдандыру бойынша ірі көлемді жұмыстар жүргізілуде. «Мұнда қазіргі уақытта суға түсу алаңдары, демалу орындары салынуда және Жетісу ауданындағы қарағайлы саябақта көгалдандыру жұмыстары жасалынуда. Бұнымен қатар, Абай даңғылындағы Бас арық (Орталық неке сарайынан Сейфуллин көшесіне дейін) қалпына келтірілуде»,-деді маман.

Оның айтуынша, қазір Алматы үшін үлкен мәселе - ауызсуды қаланың көлік жуу орындарының қолданып отырғандығы болып тұр. «Әкімдік көлік жуу иелеріне тазарту жүйелерін қойып, сол суды қайта қолдануды талап етіп отырса да, көпшілігі оны орындамауда. Біз айыппұл салып, әкімшілік жаза қолдансақ та нәтиже болмай отыр. Өйткені, Әкімшілік кодекс бойынша, айыппұл көлемі аз, сондықтан оларға тазарту жүйесін қойғанша, айып төлеген тиімді. Бұнымен қатар, біз кіші және орта бизнес нысандарын жылына бір рет қана тексеруге құқылымыз. Айналып келгенде, шешімі жоқ шеңбер»,-дейді Э. Келдібаев.