Биыл Алматыда 5 жаңа саябақ ашылады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Алматыда жыл соңына дейін 320 мың көшет отырғызылады. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл жалпы ауданы 97 гектар болатын 5 жаңа саябақ құру, қолданыстағы 5 саябақты қайта абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр.

«Жас ағаштардың жақсы сіңісуі үшін биіктігі кемінде 2 метр қылқан жапырақты және 2,5 метр жапырақты көшеттер міндетті түрде кесегімен отырғызылады. Бұл 2023 жылдың өзінде жаңа көшеттердің қурауын 30%-тен 10%-ке дейін төмендетуге көмектеседі. Биыл көктемде жасыл қорды жаңарту мен қалыпқа келтіру үшін 20 мың көшет отырғызылды. Негізгі егу жұмыстары күзгі кезеңде жүзеге асырылады. Өйткені күзде көшеттердің жақсы сіңісуі үшін жағымды әсер болады», - деді қала басшысы елордада орталық коммуникациялар қызметінде.

Е. Досаевтың айтуынша, Алматыда жасыл желектерді отырғызудың жаңа ережелері қабылданды.

Енді кез келген желектерді отырғызуда суаруды қамтамасыз ету ескеріледі.

Осылайша, 2023 жылы барлығы 320 мың ағаш отырғызылады. Сондай-ақ 2,3 млн ағаш 4 еселік биологиялық өңдеуден өтеді.