Оның айтуынша, «Медеу» спорт кешенінде жыл сайын тамыз айының үшінші жексенбісі күні өтетін спорттық шараны орташа тау деңгейінде өткізу идеясын Алматы қаласының әкімдігі, «Шымбұлақ» тау-шаңғы шипажайы және басқа да серіктес компаниялар қызу қолдаған.
«Бұл мереке дәстүрлі түрде веложарыстан басталады. Қатысушылар таңғы сағат 08:00-де «Бутаковка» шатқалына жиналады. Жарыс сағат 08:30 басталады. Мәре сызығы «Медеу» спорт кешенінің алды. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табыс етіледі. Ал спорт кешенінің өзінде келушілер арасында футболдан, баскетболдан, волейболдан, стритболдан жарыстар өтеді. Сонымен қатар, велосипедтер мен скейтбордтарды жалға алуға болады», - деді өз сөзінде Әйгерім Берлібаева.
Бұл жерде бір айта кететін жәйт, спорт кешеніне кіру тегін болғанымен, спорттық алаңдар, спорттық керек-жарақтар арзан бағаға жалға беріледі. Веложарысқа 2000-ға жуық, ал бұл күні аталмыш спорт кешеніне 5000-ға жуық адам келеді деп күтілуде.
Аталмыш спорттық шара қала тұрғындары арасында саламатты өмір салтын насихаттауға бағытталған.