Биыл Алматыда спорт секциялары мен үйірмелерге 3,2 млрд теңге бөлінді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда биыл спорт секциялары мен үйірмелерді қаржыландыруға 3,2 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы брифинг барысында қалалық спорт басқармасының басшысы Рүстем Байсеитов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спикердің сөзінше, Алматының жергілікті атқарушы органдарының алдына балаларды бұқаралық спорт түрлеріне белсенді тарту, сондай-ақ тегін спорт секциялары мен үйірмелерін ашу міндеті қойылған.

Сонымен қатар, ол ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 1 мамырдан бастап мемлекеттік тапсырыс аясында спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерді жан басына нормативтік қаржыландыру тетігі енгізілгенін еске салды.

Бағдарлама 4 жастан 17 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге, оның ішінде ерекше қажеттілігі бар балаларға 71 спорт түрінен спорт секцияларына тегін қатысуға мүмкіндік береді.

Рүстем Байсеитовтың айтуынша, өткен жылы аталған жобаны жүзеге асыруға бюджеттен 1,2 млрд теңге бөлінді, 44 мың бала мен жасөспірім секциялар мен үйірмелерге тегін қатысты.

Ең көп сұранысқа ие секциялар футбол, шахмат, таэквондо, дзюдо, жүзу болды.

«Биыл осы мақсатқа 3,2 млрд теңге бағытталды. Енді балалар спортпен және шығармашылықпен айналыса алады. Бұл ата-аналар үшін тамаша мүмкіндік, олар бөлімді төлеуге ақша жұмсамайды. Біздің мәліметтеріміз бойынша, бір балаға спорт секциясына барудың орташа құны айына 20 500 теңгені құрайды», - деді қалалық Спорт басқармасының басшысы.

Балалар үйірмелері мен спорт секцияларын жан басына қаржыландыруды іске қосу процесін автоматтандыру мақсатында artsport.edu.kz ақпараттық жүйесі әзірленді.

Бүгінде ведомствоның мәліметінше, жеткізушілерден 594 өтінім мақұлданды.

Мемлекеттік спорттық тапсырысты жан басына нормативтік қаржыландыру аясында жаттығуға спорттың 37 түрі бойынша 44 бала кірісті.

Рүстем Байсеитов алматылықтарды осы мүмкіндікті пайдаланып, балаларды секцияға беруге шақырды.