Биыл Алматының Алмалы ауданында қанша көше жөнделеді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматы қаласы Алмалы ауданының 12 көшесіндегі 15 шақырым жол жаңарады. Бұл туралы онлайн брифинг барысында аудан әкімі Серік Құсайынов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әкімнің сөзінше, Алмалы ауданында жалпы ұзындығы 173,3 шақырым болатын 110 көше бар.

«Биыл 12 көшеде 15 шақырым жол төсемін жаңартамыз. Варламов көшесінің бойында жұмыстар жүргізілуде, сонымен қатар Райымбек – Розыбакиев жол айрығында жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 6 шақырымнан астам тротуар желісін салуды жоспарлап отырмыз. 33,9 шақырым арық желісін реконструкциялауды бастаймыз», - деді Серік Құсайынов.

Аудан әкімі көшелердегі жол төсемін жаңарту тұрғындар үшін маңызды екенін айтты.

«Биыл 4 қиылысқа бағдаршам қоямыз және 9 жаяу жүргіншілер өткеліне реттелетін бағдаршам орнатамыз», - деді ол.

Серік Құсайынов соңғы жылдары Алмалы ауданындағы аулалар мен көшелерді жарықтандыру бойынша көптеген жұмыстар атқарылғанын жеткізді.

«Қазіргі уақытта 84 жарықтандырылмаған және ішінара жарықтандырылған учаскелерге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде, 1 тоқсанда 143 көше шамдары орнатылды. 12 монументалды ескерткішті жарықтандыру жұмыстары жүргізілді», - деді Алмалы ауданының әкімі Серік Құсайынов.

Сонымен қатар, 7 көше бойындағы ескі көше жарығы энергия үнемдейтін LED-шамдарға ауыстырылады; Желтоқсан, Наурызбай батыр, Розыбақиев, Шевченко, Абай (Есентай өзенінен аудан шекарасына дейін), А.Байтұрсынов, Манас.