«Биыл тамызда Қазақстан мен Италия Республикасының дипломатиялық қарым-қатынасы жаңа отыз жылдыққа аяқ басты. Екі ел арасындағы саяси диалог пен көптеген мәселелер бойынша өзара түсіністікті ескеріп, біз ең алдымен сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестікке көңіл бөлуді жөн көреміз. Италия – Еуропадағы ең ірі сауда серіктесіміз. Былтыр саудаластық 14,9 млрд долларды құрады. Биыл қаңтар-шілде айларында тауар алмасу 9 млрд АҚШ долларына жетті», - деді Мұрат Нұртілеу ведомствода өткен БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, алдағы уақытта Қазақстанның 110 экспорттық позиция бойынша аталған көрсеткішті тағы 900 млн долларға арттыруға әлеуеті бар.
«Италиямен энергетика, табиғи ресурстарды барлау және өндіру, құрылыс, инфрақұрылым, көлік, байланыс, ауыл шаруашылығы, ғылыми-техникалық қызмет және кадр дайындау саласындағы ынтымақтастықтың болашағы зор. Италия – инвестиция көлемі бойынша да еліміздің негізгі серіктестерінің қатарында. Қазақстанға 2005 жылдан бері құйылған инвестициялар көлемі 7 млрд доллардан асты. Қазір елімізде 270-ке жуық италиялық компаниялар жұмыс істейді. Жалпы көлемі 474 млн долларды қамтитын әр түрлі салада 21 индустриалды жоба карастырылып жатыр», - дейді ведомство басшысы.
Айта кетейік, бүгін Астанаға Италия Республикасының Министрлер кеңесі төрғасының орынбасары – Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі Антонио Таяни ресми сапармен келді.