Биыл Астана, Алматы және Ақтөбеде энергия тиімділік орталықтарының құрылысы аяқталады

АСТАНА. 27 тамыз. ҚазАқпарат - Биыл Астана, Алматы және Ақтөбеде энергия тиімділік орталықтарының құрылысы аяқталады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Өңірлік даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев мәлім етті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша энергия үнемдейтін және энергия тиімді технологиялар мен материалдарды көрсету және алға жылжыту үшін алаң құру мақсатында Астана, Алматы және Ақтөбе қалаларында үш энергия тиімділік орталықтарын құру ісі жүргізіліп жатыр»,-деді ол.

Бірінші вице-министрдің атап өтуінше, энергия тиімділік орталықтары инновациялық энергия ресурстарын үнемдеу технологияларын насихаттау және енгізу, энергия тиімділік технологияларын коммерциялау, энергия тиімділік технология саласында консалтингпен оқыту, инновациялық энергия тиімділік технологиялары құрал-жабдықтары мен материалдары көрмесін тұрақты өткізу сынды бағыттардағы жұмыстарды жүзеге асыратын болады.

«Құрылыс жұмыстары ағымдағы жылы аяқталып, пайдалануға берілуі жоспарланған», - деді Қ. Өскенбаев.