Биыл Астана мен Ақтауда мамандандырылған ХҚКО-лар іске қосылады

None
АСТАНА. 19 наурыз. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың соңына дейін Астана мен Ақтау қалаларында мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары іске қосылады. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлім етті.

Оның атап өтуінше, былтыр іске қосылып, халыққа қызмет көрсете бастаған 2 ХҚКО-ға қоса биыл Астана мен Ақтау қалаларында тағы 2 орталық пайдалануға беріледі. Мәселен, елордада орталық ғимаратының құрылысы басталған. Оны қыркүйек айында аяқтау жоспарланып отыр. Ақтауда ХҚКО-ның негізгі ғимараты бой көтеріп, қалған жұмыстары жүргізілуде. Нысанды мамыр айында пайдалануға беру жоспарланған. Қарағандыдағы ХҚКО штаттық режімде жұмыс істеп тұр. Алматыдағы орталық та пайдалануға берілген.

Ал қалған өңірлерде мұндай орталықтар салу үшін жергілікті әкімдіктер қаржы қарастыру үстінде. «Біздің қолдағы ақпараттарға сәйкес, Павлодар, Петропавл және Қызылордада мамандандырылған ХҚКО-лардың құрылысына қажетті қаражат жартылай табылды әрі жұмыстарды жүргізуге дайын. Қалған өңірлерде құрылысты мақсатсыз қаржыландыру проблемалы саналуда», - деді Қ.Қасымов.