Биыл Астанада 20 мыңнан астам ағаш отырғызылды

АСТАНА. 6 тамыз. ҚазАқпарат - Жыл басынан бері Астанада 20 568 түп ағаш отырғызылды. Бұл туралы astana.kz сайтынан хабарланды.

«Астана-Зеленстрой» АҚ мәліметтеріне қарағанда, жыл басынан бері елордада 6174 ірі көлемді көшет, 8547 бұта, көлемі 1221 метрлік жаңа бұта қоршамына ашық тамырлы 5847 бұта отырғызылған. Бұдан басқа, мерзімінен бұрын қартайып жатқан немесе қураған ағаштардың өмір сүру қабілеттілігін ынталандыру және елорданың сырт келбетін көркемдеу мақсатында көше ағаштары да шетіне қарай кесіліп жатыр.

«Биыл осындай 1204 ағаш кесіледі. Бүгінгі таңда жұмыстар көлемінің 66 пайызы орындалған. Сондай-ақ, жыл соңына дейін елордада қартайған, сырқатқа шалдыққан және қураған 20 992 ағаш шабылады. Соның ішінде 19 946 түп Есіл ауданында (әуежайға барар жолдың бойында егілген орман ағаштары), 689 түп Сарыарқа ауданында және 357 түп Алматы ауданында орналасқан» делінген баспасөз баянында.

1 тамыздағы жағдайы бойынша аталмыш жұмыстардың 42,5 пайызы орындалған. Алматы ауданының аумағында 16 ағаш, Есіл ауданында 8499 және Сарыарқа ауданында 575 ағаш пен 56 ағаштың түбірлері қопарып алынды.