Биыл Астанада «Мектепке жол» акциясы аясында 6 мыңнан астам оқушыға көмек көрсетіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл Астанада «Мектепке жол» акциясы аясында 6 мыңнан астам балаға қолдау көрсетіледі. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында Астана қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Қасымхан Сенғазиев айтты.

«Биыл Астанада «Мектепке жол» акциясы аясында 6 мыңнан астам балаға қолдау көрсетіледі. Шара өтіп келе жатқан 6 жыл ішінде Астанада 23 мыңға жуық бала шамамен 208 млн. 429 мың теңгенің материалдық көмегін алды. Оның 167 млн. 305 мыңы бюджеттік қаражаттан бөлінсе, қалған 39 млн. 700 мыңын демеушілер мен меценаттар шығарды» - деді Қ. Сенғазиев.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен 2014 жылғы 1 тамыздан 30 қыркүйек аралығында «Мектепке жол» VII дәстүрлі жалпыреспубликалық қайырымдылық акциясы өткізіледі. Биыл акция «Балаларға мейірім сыйла!» ұранымен өткізілуде және Қазақстан Респуюликасы БҰҰ Бала құқықтары туралы конвенциясын ратификациялаулың 20 жылдығына арналып отыр.

Қ. Сенғазиев атап өткендей, акция мақсаты тұрмысы нашар және көп балалы отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңа оқу жылына дайындық кезінде көмек көрсету.

«Іс-шараларға Астана қаласының әкімдігі, Астана қаласының білім басқармасы, Денсаулық сақтац басқармасы, Жұмыспен қамту және әлеуметтәк бағдарламалар басқармасы, Жастар саясаты басқармасы, қоғамдық бірлестіктер, Ішкі істер басқармасы қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдар, ата-аналар қоғамдастықтары және тағы басқа ұйымдар атсалысады», - дейді ол.

Шенеуніктің айтуынша, акция барысында «Бірінші сынып оқушыларына сыйлық», «Мейірімді қолдар», «Баланы мектепке дайындаймыз», «Балаларға мейірім сыйла» деген сияқты шаралар ұйымдастырылады. Сондай-ақ, 16 және 23 тамыз күндері мектеп жәрмеңкесі өткізіледі.