Биыл Астанада тұрақтану үшін 78 мыңнан астам адам келді

АСТАНА. 27 желтоқсан. ҚазАқпарат - Жыл сайын елордада тіршілік кешу үшін мыңдаған адам келеді.

Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов мәлім етті.

Оның сөзіне қарағанда, жыл басынан бері ХҚКО-ларда еліміздің өзге өңірлерінен елордаға келген 101 283 адам тіркелді, ал тіркеуден шыққандар тек 22 747. Яғни қалада 78 мыңнан астам адам тұрақтады.

«Әрине, қарқынды даму үрдісі елорданы еліміздің барша өңірлерінің адамдары үшін тұрғылықты жер ретінде тартымды етуде. Олардың өздерінің болашағын Астанамен байланыстыру ниеті ауқымды ішкі көші-қонға себеп болуда. Осы орайда бұл әлеуметтік салаға күрделі ауыртпалық түсіреді. Өз кезегінде осының нәтижесі балабақшалардағы орындардың жеткіліксіздігіне соқтырады»,-деді әкім.

Бүгінде қалада алты жасқа дейінгі 110 мыңнан астам бала бар. Қала мүмкіндігін ескерсек, балабақшаға 32 684 бала орналастырылған. Жалпы қазіргі кезде кезектегі балалар саны 72 мыңға жуық.

Белгілі болғандай, соңғы 4 жылда елордада 80 балабақша салынған. 2014 жылы тағы 17 мектепке дейінгі мекемені пайдалануға беру жоспарланған.