Биыл Астанада жаңа 10 балабақша мен 5 мектеп пайдалануға беріледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасының «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» Жолдауы аясында елімізде мектепке дейінгі мекемелердегі кезек мәселесі мен үш ауысыммен оқу, апатты жағдайдағы мектептер мәселелерін шешуге бағытталған іс-шаралар кешені қолға алынуда.

Қалалық білім басқармасының хабарлауынша, қазіргі уақытта Астанада 302 білім беру ұйымы жұмыс істейді, онда 168 247 бала тәрбиеленіп, 12 522 ұстаз қызмет етеді. Бұдан басқа, елордада 156 балабақша бар, соның ішінде мемлекеттік - 81, ведомстволық - 2, жекеменшік - 73 балабақша жұмыс жасайды. Осылайша, 34 195 бала мектепке дейінгі біліммен қамтылған. Биыл елордада 2440 орынға есептелген 10 балабақша мен 5075 орынға шақталған 5 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр, деп хабарлайды astana.kz.