Биыл Астанаға 1 млрд доллардан астам шетел инвестициясы тартылды

АСТАНА. ҚазАқпарат – 2022 жылдың 6 айында елордаға 1 млрд доллардан астам шетел инвестициясы тартылды. Бұл туралы елорда әкімінің орынбасары Ерлан Бекмырзаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жыл басынан бері біз 1,2 трлн теңге инвестиция тарттық. Егер инвестициялық салымдардың құрылымына қарайтын болсақ, оның 53 пайызы немесе 632,9 млрд теңгесі құрылыс-монтаждау жұмыстарына, 9 пайызы немесе 109,2 млрт теңгесі көлік және қоймалау саласына, 6 пайызы немесе 76,1 млрд теңгесі өнеркәсіп үлесіне тиесілі», - деді ол әкімдіктің баспасөз қызметі алаңында өткен брифингте.

Оның атап өтуінше, бүгінде Астана тұрғын үй құрылысына және шикізаттық емес секторға және негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі бойынша алғашқы үштікке кіріп отыр.

«Тікелей шетел инвестициясына келер болса, осы жылдың бірінші жартыжылдығында 1 млрд доллардан астам инвестиция тартылды», - деді қала әкімінің орынбасары.