Биыл астық қар астында қалмайды - вице-министр Айтуғанов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл астық дер уақытында бастырылып, қар астында қалмайтын болады. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Облыс әкімдерінің айтуынша, дәнді дақылдарды жинау жұмыстары қыркүйек айының үшінші онкүндігінде аяқталатын болады. Біздің болжамымызша, ағымдағы жылы бидай мен арпа қардың астында қалмайды», - деді ол.

Сонымен қатар ол  күзгі жиын-терім республиканың  үш өңірінде толықтай аяқталғандығын атап өтті.

«Бүгінгі күні Қазақстанның барлық аймақтарында күзгі жиын-терім жұмыстары жалғасуда. Республика бойынша масақты дақылдардың 76 пайызы бастырылды», - деді Қайрат Айтуғанов.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, республика  бойынша 11,6 млн гектар алқаптың астығы жиналып, 14,7 млн тонна дәнді дақыл бастырылды. Егін жинау науқаны былтырғы жылдың осы уақытымен салыстырғанда , 2,4 млн гектарға немесе 16 пайызға артық.