12:43, 09 Маусым 2009
Биыл астықтың шығымы 15-20 пайызға артады деген үміттеміз - Ауыл шаруашылығы вице-министрі А.Евниев
АСТАНА. Маусымның 9-ы. ҚазАқпарат /Қанат Құлшыманов/- Ағымдағы жылы астықтың шығымы 15-20 пайызға артады деген үміттеміз. Бұл туралы Астанада өткен баспасөз мәслихатында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниев мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.«2004 жылмен салыстырғанда, егістік алқабы 3 миллион 630 мың гектарға артқанын айта аламыз. Тек биылдың өзінде егін алқабы былтырғы жылмен салыстырғанда 1 миллион 640 мың гектарға артты», - деді А.Евниев. «Биыл сондай-ақ топырақ ылғалдығының жоғары екенін, былтырғы жылғы кейбір аймақтардағы деңгейден 23 есеге жоғары екенін айтып өткім келеді. Егер ауа райы тосын мінез көрсетпесе, ағымдағы жылы астықтың шығымы былтырғыдан 15-20 пайызға жоғары болады деген үміттеміз», дейді вице-министр. А.Евниев, сондай-ақ өсімдік майының өндірісі үшін ішкі нарықтың шикізатқа деген сұранысын толық қамтамасыз етуге майлы дақылдарды 1,2 миллион гектарға жайғастыру керек екенін айтып өтті. Бүгінде бұл көрсеткіш 1 миллион 70 мың гектарды құрайды, бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 17 мың гектарға артық.