Биыл Атырау облысына маусымдық жұмыстарға 800 шетелдік келуі мүмкін
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Мейрамбек Алдияровтың мәліметінше, биыл шетелдік жұмыс күшінің маусымдық қызметі үшін 800 квота бөлінген.
«Біздің негізгі мақсатымыз – шетелдік жұмыс күшін азайтып, жергілікті адамдарды жұмыспен қамту. Алайда, Атырау облысындағы шаруагерлердің ұсынысын ескеріп, биыл маусымдық жұмыстарға жұмыс күшін тартуға бөлінген квота санын 800-ге көбейтіп отырмыз. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда екі есеге көбейді», -деп хабарлады Мейрамбек Алдияров.
Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы саласындағы маусымдық жұмыстарға шетелдік жұмыс күшін тартудың өз тәртібі бар.
Сол себептен, шаруагерлер жұмыс күшін тартуды Е-лицензиялау веб-порталы арқылы жүргізуі қажет.
Бұдан бұрын Өзбекстан Республикасының Ақтау қаласындағы бас консулы Атабек Тұрсынбеков көрші ел азаматтары Атырау облысына келіп, жұмыс істеуге дайын екенін айтқан еді.
«Алайда, Атыраудағы шаруа қожалықтары арнайы құжатқа сәйкес, Өзбекстан Республикасының Сыртқы еңбек көші-қон агенттігімен келісімшарт жасауы қажет. Бұл онлайн форматта да жүзеге асырылады. Сұраныста қанша адам, қанша айға қажеттігі, жалақы көлемі туралы нақты мәліметтер көрсетілуі тиіс», -деп хабарлаған еді Атабек Тұрсынбеков.
Шаруагерлердің айтуына қарағанда, маусымдық жұмыстармен айналысатын шетелдіктер көбінесе Өзбекстан Республикасынан келеді. Атырау облысында ауыл шаруашылығы саласындағы маусымдық жұмыстар ақпан айының 15-де басталып, 15 қарашадаға дейін созылады., жылыжай қызметтері жыл бойы жүргізіледі.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында шетелдік жұмыс күшін тартуға берілетін квота азайғанын хабарлаған болатынбыз.