Биыл ауа райының жағдайы қалай қалыптасса да, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі қамтамасыз етілген - Үкімет басшысы
11:58, 21 Маусым 2010
АСТАНА. Маусымның 21-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай / - Биыл ауа райының жағдайы қалай қалыптасса да, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі қамтамасыз етілген.
Бұл туралы бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мәлім етті.
«Өкінішке қарай қазір ауа райы ыстық болып тұр. Сондықтан да біз астықтың шығымына ықпал ете алмаймыз. Әзірге барлығы күйіп жатыр. Бұл жылдың астығының қалай болатыны көп жағдайда ауа райына байланысты. Дейтұрғанмен барлық өңір егінді жақсы екті. Егіс науқанын жанар-жағармаймен қамтамасыз етуде ешқандай проблема болған жоқ, бәрі жеткілікті болды. Мұнай және газ министрлігі биыл барлығын жақсы реттеді. Еліміздегі элеваторларда астық жеткілікті. Биыл ауа райының жағдайы қалай қалыптасса да, мен еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі қамтамасыз етілгенін нық сеніммен айта аламын», деді Премьер-Министр отырыста.