Биыл бас бостандығынан айыру орындарынан босағандар инфрақұрылымдық жобаларға жұмысқа тұрды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биылғы бірінші жартыжылдықта бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққандар негізінен инфрақұрылымдық жобаларға жұмысқа тұрды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Светлана Жақыпова мәлім етті.

«2015 жылы түрмеден босап шыққан 891 азамат жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде аймақтарды дамыту бағдарламасы бойынша 750 адам, «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бойынша 141 адам жұмысқа тұрды», - деп хабарлады Светлана Жақыпова. Олар инфрақұрылымдық жобаларға, құрылысқа, кәсіптік даярлауға бағытталған екен. Вице-министр мемлекеттің «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңына сәйкес құрамына бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан және анықтау қызметінде есепте тұрған азаматтар кіретін тұрғындардың мақсатты топтарын жұмыспен қамту шараларымен қамтамасыз ететіндігі туралы мәлімдеді. Олар әлеуметтік жұмыс орындарына орналасу, кәсіптік даярлау, қайта даярлау, біліктілікті арттыру және ақысы төленетін әлеуметтік жұмыстарға орналасуға бағыттау барысында басым құқыққа ие. ҚР «Арнайы әлеуметтік қызметтер туралы» Заңына сәйкес бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан азаматтар төменде келтірілген сәттерде қиын өмірлік жағдайда деп қарастырылады: егер азамат жасы ұлғайған, мүгедек және жалғызбасты болса, онда оның босағаннан кейін қарттар немесе мүгедектерге арналған қоғамдық үй-интернатына жолдама алу мүмкіндігі бар. Қазіргі таңда қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемелерде бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан 173 адам бар. Ол мекемедегі барлық тұрғындардың 2,5% құрайды. Сонымен қатар егер азаматтың тіршілік етуге қаражаты және тұрғылықты мекені болмаса, онда ол босағаннан кейін тұрғылықты мекені анықталмаған адамдарға арналған әлеуметтік бейіндеу орталығына бағытталады. Қазақстанда мұндай 24 орталық бар, онда бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан 426 адам орналастырылған. ҚР ІІМ ҚАЖКТ мәліметі бойынша биыл жергілікті атқару органдары атқарған жұмыстардың нәтижесінде 1280 сотталған адамдарға емдеу бойынша жәрдем, білім алу бойынша - 49,1013 адамға психологиялық қолдау көрсетіліп келеді. 55 құжат алынып, қайта қалпына келтірілді, 1761 сотталған адамдарға өзге де көмектер көрсетілді. Жыл сайын қылмыстық-атқарушы жүйе мекемесінен 9 мыңнан 11 мыңға дейін азамат босатылып шығарылады. 2015 жылдың 6 айының ішінде 7634 сотталушы босап шыққан (2014 жылдың сәйкес мерзімінде - 5123 адам).