Биыл «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» дәлізі аясындағы Шымкент-Тараз учаскелері ашылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылы «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық дәлізі аясында 144 шақырым жолдың жұмыстары аяқталып, Шымкент-Тараз учаскелері ашылады.

Бұл туралы Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің кеңейтілген отырысында ҚР Инвестициялар және даму министрінің бірінші орынбасары Жеңіс Қасымбек мәлім етті. Еске сала кетейік, отырыс барысында «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» жаңа экономикалық саясатының шеңберіндегі көлік инфрақұрылымын дамыту мәселелері талқыланған болатын.

Министр орынбасарының айтуынша, бүгінгі күні халықаралық дәліздің 1884 шақырымында жұмыстар толық аяқталған. Соның ішінде Шымкент қаласынан Ресей шекарасына дейінгі аралықтағы және Жамбыл облысы бағытындағы учаскелер толық ашылған. Аталған бағыттардың іске қосылуы нәтижесінде жүк тасымалының көлемі үш есеге артып отыр.

«Биыл жоспар бойынша «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» дәлізінің 144 шақырымында жұмыстар аяқталады, Шымкент-Тараз учаскелері ашылады. Ал 304 шақырымды құрайтын қалған Алматы - Қорғас учаскесі мен 102 шақырымды құрайтын Шымкент-Ташкент учаскелерінің жолы 2016 жылы іске қосылып, жоба толығымен аяқталады», - деді Ж. Қасымбек.