Биыл «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жолының 700 шақырымы пайдалануға беріледі
Жобаны іске асыру Қазақстанға еуразиялық құрлықтағы халықаралық және транзиттік тораптардың бірі атануға мүмкіндік береді, деп хабарлады pm.kz сайты.
Көлік және коммуникациялар министрлігінің ақпараты бойынша, қазіргі уақытта жолдың 1621 шақырымында (34 учаске) жұмыстар жүргізілуде. Құрылыс үрдісіне 21 бас мердігер және 66 субмердігер ұйым жұмылдырылып отыр. Биыл жылдың қорытындысы бойынша жолдың 700 шақырымын пайдалануға беру жоспарлануда.
Оған қоса, жылдың соңына дейін тағы 448 шақырым учаскеде жұмыстарды бастау жоспарланып отыр( «Шымкент-Жамбыл облысының шекарасы - 79 шақырым, «Алматы-Қорғас» - 304 шақырым және «Тараз қаласын айналып өтетін жол» - 65 шақырым).
«Батыс Қытай - Батыс Еуропа» магистралі құрылысының әлеуметтік маңызы зор екенін айту керек. Бұл халықаралық дәліз шағын және орта бизнесті, сервистік индустрия мен туризмді, өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы қызметтерін дамытуға жағдай жасайды, ал бұл өз кезегінде қосымша жұмыс орындарын қамтамасыз етеді.
Қазірдің өзінде жолдың құрылысында 35 мыңнан астам адам жұмыс істеуде. Олардың ішінде 34,4 мың жұмысшы - қазақстандықтар болса, 579-ы - шетелдік жұмысшылар.
Көлік және коммуникация министрлігінің ақпараты бойынша, Батыс Еуропа - Батыс Қытай автодәлізінің Қазақстан аумағындағы ұзақтығы 2787 км құрап, бес облыстың аумағымен өтеді. 2452 шақырым жол қайта жөндеуге жатады. Жобаның жалпы құны 825 млрд. теңгені құрайды. Жоба бойынша 1391 шақырым жолды 4 жолақты І техникалық санатқа, 1061 шақырым жолды ІІ техникалық санатқа ауыстыру көзделген.
«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің құрылысы Қазақстанның транзиттік және экспорттық әлеуетін арттырып қана қоймай, еуразиялық құрлықтағы белсенді ықпалдастық жағдайында жаңа сауда-саттық мүмкіндіктерін ашады.