Биыл білім беру гранттарына 1 орынға 2,1 адам таласуда - Білім министрлігі
Бұл туралы бүгін ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың төрағалығымен өткен білім беру гранттарын тағайындау жөніндегі республикалық комиссияның жұмысы барысында мәлім болды.
Министрлік мәліметіне сүйенсек, конкурсқа 1 305 «Алтын белгі» белгісінің иегерлері, 315 Назарбаев зияткерлік мектептерінің түлектері, 279 жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары, 578 жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық және республикалық ғылыми жарыстардың жеңімпаздары, 695 республикалық және халықаралық спорттық жарыстардың жеңімпаздары, 470 жетім балалар, 320 мүгедектер қатысады.
«Өтініш қабылдау нәтижелері бойынша орташа алғанда бір орынға конкурс 2,1 адамды құрайды. Ең көп конкурс Биотехнология, Радиотехника, Электроника және телекоммуникациялар, Стандарттау, сертификаттау және метрология, Ақпараттық жүйелер, Автоматтандыру және басқару, Аударма ісі, Халықаралық қатынастар, Дизайн, Құқықтану, Қаржы, Есеп және аудит, Экономика, Халықаралық құқық мамандықтары бойынша байқалады»,-дейді министр.
Конкурстық комиссия жалпы 31 210 білім беру грантын, күндізгі оқыту нысаны бойынша 30 710 білім беру гранттарын, сырттай оқыту нысаны бойынша 500 грант тағайындайды. Комиссияның жұмысы аяқталғаннан кейін білім беру гранттарын тағайындау нәтижесі республикалық баспасөз құралдарында жарияланады.