Оларды жұмыспен қамту үшін бүгін Астанада «Мемлекеттік қызметтің персоналын басқару жөніндегі ұлттық орталығы» АҚ мен «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР Білім және ғылым министрлігі Дамыту стратегиясы департаменті халықаралық бағдарламалар басқармасының бастығы Ақерке Абылайханның айтуынша, бүгінгі күнге дейін «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша білім алып келген түлектердің саны 1 мың 780-ді құрап отыр. Олардың 18 пайызы мемлекеттік органдар мен бюджеттік ұйымдарда еңбек етуде.
А.Абылайхан үстіміздегі жылдың соңында елге оралатын 826 стипендиаттың 128-і мемлекеттік қызметте жұмыс істеуді міндеттеріне алып отырғанын жеткізді. «2008 жылғы түлектер арасында жүргізілген сауалнама қорытындысы бойынша стипендиаттардың 74 пайызы мемлекеттік қызмет саласында жұмыс істеуге даярлығын білдірді. Бүгінде мемлекеттік органдарда 1 мың 200 бос орын бар. Олардың дені аймақтардағы білім беру және денсаулық мекемелеріне қажет мамандықтар», - деді ол.
Меморандум шеңберінде екі орталық келесі бағыттар бойынша жұмыс жүргізетін болады. Олар - стипендиаттарды мемлекеттік органдар мен ұйымдарда кәсіби тәжірибеден өткізу, тренингтер ұйымдастыру және мемлекеттік қызметке орналасқан стипендиаттарға бағыт-бағдар беру бағытында ықпалдасу.