Биыл Бұқтырма су қоймасы 10 жыл болмаған рекордты деңгейге тартылған

АСТАНА. ҚазАқпарат – Кейінгі 7 жылда Бұқтырма су қоймасының көлемі 45-тен 38 текше шақырымға дейін азайды. Сенатор Ольга Булавкина депутаттық сауалында су ресурстарын басқару мәселелеріне тоқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Депутаттың айтуынша, 2019 жылдан бері Қазақстанда каскадты тәртіпте жұмыс істеу ерекшеліктеріне байланысты стратегиялық гидроэлектрстанцияларды пайдаланатын субъектілер әрекеттерінің бірыңғай құқықтық алгоритмі болмаған. Ертіс өзеніндегі су электр станцияларында су тұтыну болжамын жасауға қажет ақпарат жоқ. Осыған байланысты жұмысы экономиканың сабақтас салаларының мүдделерін қозғайтын су электр станцияларының жұмыс істеу ерекшеліктері ескерілмейді.

О. Булавкина айтуынша, Ертіс СЭС каскадын пайдалану аспектілерін реттейтін нормативтік-құқықтық актілердің болмауы су тасқыны және су тартылған кезеңде терең экологиялық зардапқа немесе төтенше жағдайға әкелуі мүмкін.

«Биыл су жағалаудан 50-70 метрге шегінді, бұл 2012 жылдан бері байқалмаған су деңгейінің рекордтық көрсеткіші», - деді сенатор.

Депутат бұл жағдай бірнеше сабақтас саланың мәселесін қозғайтынын ескере отырып, гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігін реттеудің құқықтық жүйесін әзірлеуді, азаматтарды таза ауызсумен қамтамасыз етуге, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған бірқатар бағдарламалық құжаттарды іске асыру бойынша шешім жасауды ұсынды.

Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма су қоймасы жыл сайын тартылып отырғанын бұдан бұрын хабарлаған болатынбыз.