«Былтыр бюджеттің кірістілігі бойынша рекордтық өсімге қол жеткіздік. Биылғы меже содан асып түсуге бағытталған. Яғни, кірісті 3,7 трлн теңгеге ұлғайту қажет. Осыған байланысты көлеңкелі экономиканың үлесін қысқарту және салық-кедендік әкімшілендіруді жетілдіру жөніндегі жұмысты жандандырамыз», - Ерұлан Жамаубаев.
Министр «Бірыңғай терезе», «Астана1», «Электрондық шот-фактура» сияқты ақпараттық жүйелер негізінде тауар қозғалысын қадағалаудың ұлттық жүйесі жаңғыртылып жатқанын атап өтті.
«Халық пен бизнеске ыңғайлы болу үшін «Е-салық азамат» және «Е-салық бизнес» сияқты мобильді қосымшаларымен қамтуды кеңейтеміз. Қаржы ұйымдарына арналған электрондық сервистер арқылы қолма-қол ақшасыз төлемдердің серпінді өсуін қамтамасыз етеміз. Кедендік статистиканың алшақтығын төмендету бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Ол үшін негізгі саудадағы әріптес елдермен ақпарат алмасу жолға қойылуда», - деді ведомство басшысы.