Биыл ел университеттеріне 1100 шетелдік жоғары білімді ғалымдар дәріс беруге келеді

АСТАНА. 14 тамыз. ҚазАқпарат - Биыл ел университеттеріне 1100 шетелдік жоғары білімді ғалымдар дәріс беруге келеді. Бұл туралы бүгін Үкіметте өткен селекторлық кеңесте ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов мәлім етті.

«Академиялық ұтқырлық шеңберінде 600 студент пен магистранттың семестр бойы әлемнің 40 университетінде білім алуға жағдай жасалды.  Ал жаңа оқу жылында қазақстандық университеттерге шетелдік профессорларды шақырту бағдарламасы бойынша 1100 шетелдік ғалымдар мен оқытушылар келетін болады», -дейді Б. Жұмағұлов.

Бұдан бөлек, министр былтырғы жылы алғаш рет жоғары оқу орындары үшін базалық оқулықтар шығару бағдарламасы жүзеге асқанын, оның аясында 102 оқулық қазақстандық авторлармен жазылғанын айтты. 2012 жылы республикалық бюджеттен 200 млн. теңге бөлініп, бұл 75 жоғары оқу орындарының  базалық оқулықтарын шығаруға мүмкіндік берген. Мемлекеттік тілге 15 үздік шетелдік оқулық аударылған.