Биыл электр энергетикасы саласындағы ірі жобалардың бірі «Солтүстік-Оңтүстік» транзитінің екінші кезеңі іске қосылады ? Қ. Бозымбаев

None
АСТАНА. Қаңтардың 27-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Биыл электр энергетикасы саласында ұзындығы 1 мың 115 шақырым болатын «Солтүстік-Оңтүстік» транзитінің екінші желісі іске қосылады. Бүгін 2008 жылдың қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында «KEGOС» АҚ президенті Қанат Бозымбаев осылай мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «2009 жылдың төртінші тоқсанында жалпы ұзындығы 1 мың 115 шақырым болатын «Солтүстік-Оңтүстік» транзитінің екінші желісін іске қосу жоспарланып отыр. Осы жоба арқылы оңтүстік бағытқа өткізу мүмкіндігі екі есеге дейін арттырылады. Осылайша, энергиясы мол солтүстік өңірден оңтүстік аймақтағы энергия тапшылығын жабу қамтамасыз етіледі деп көзделіп отыр. Бұл бойынша электр энергиясын солтүстіктен оңтүстікке өткізу мүмкіндігі 650 МВт-тан 1350 МВт-қа дейін ұлғаяды. Бұл инфрақұрылымдық жоба «30 корпоративтік көшбасшылар» бағдарламасына енгізілген. Жобаны жүзеге асыру Оңтүстік Қазақстан облысының индустриялық-инновациялық дамуына серпін береді», деді Қ. Бозымбаев. Оның айтуынша, Электр энергетикасын дамытудың 2007-2015 жылға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жүзеге асатын болады. Бұндай жобалар халықаралық банктік займдар мен компанияның өз қаражаты есебінен, оның ішінде компанияның жалғыз акционері болып табылатын «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ тарапынан жарғылық капиталдың ұлғаюы есебінен жүзеге асатын болады. «Қазақстанның өз ішінде электрмен жабдықтау сенімділігін арттыру Орталық Азияның, Қазақстанның және Ресейдің оңтүстік аймағының энергиялық жүйесінің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ететін болады. Осылайша, «KEGOС» компаниясы электр инфрақұрылымын дамыта отырып, Еуразия кеңістігіндегі энергия қауіпсіздігін дамытуға едәуір үлес қоспақ», деді Қ. Бозымбаев.