Биыл елімізде 19 мың студент жатақханасыз қалады

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде студенттерге жатақханадан 19 мың орын жетіспейді. Бұл туралы студенттік омбудсмен Айсұлу Ерниязова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Төсек-орынның ресми тапшылығы 19 мың орын. Оның басым бөлігі, яғни 13 мыңы Алматы қаласына тиесі. Мұнан бөлек Астанада – 2 200, Солтүстік Қазақстан облысында -2 318, Абай облысында - 1 100, Түркістан облысында 987 орын жетіспейді», - деді Айсұлу Ерниязова елордада AMANAT партиясының ғимаратында өткен брифингте.

Оның дерегінше, елімізде 600 мыңнан астам студент бар. Ал республиканың барлық өңіріндегі жатақханалар саны – 663. Оның 250-і университеттерге, 413-і колледждерге қарайды.

Бұған дейін еліміздің 11 өңірінде студенттер жатақханасы тексеріліп жатқанын жазған едік.

Университеттер бойынша тексерілген жатақхананың 70-сін жақсы деп айтуға болады. 39-ы орташа, 2 жатақханада құрылыс жүріп жатыр.

Колледждер бойынша жалпы 126 жатақхананың 75-і жақсы. 36-сының жағдайы орташа, 13-інің жағдайы нашар, 2 жатақханада тұру мүмкін емес.