Биыл елімізде 2,6 млрд. теңге сомаға инвесторлардың талап арыздары қанағаттандырылды - ҚР Жоғарғы Сотының Төрағасы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың 1-ші жартыжылдығына елімізде 2,6 млрд. теңге сомаға инвесторлардың талап арыздары қанағаттандырылды.

Бұл туралы бүгін Қазақстанда тіркелген дипломатиялық корпус өкілдеріне арналған брифингте ҚР Жоғарғы Сотының Төрағасы Қайрат Мәми мәлім етті.

«Ағымдағы жылдың 1-ші жартыжылдығында ғана жоғары сот сатысы инвесторлардың 2,6 млрд. теңге сомаға талап арыздарын қанағаттандырды», - деді ол.

Сонымен қатар осы жылдың шілде айында Қазақстанның экономикалық соттарында бизнес субъектілері арасында әлеуметтік сауалнама жүргізілген. Бұл шара сот ісін қарауға қатысушылардың экономикалық сот жұмысына қанағаттанушылық деңгейін анықтау үшін жүзеге асырылған.

«Алдын ала мәліметтер бойынша респонденттердің 86 пайыздан астамы соттардың кәсіби құзіреттілігіне қанағаттанатындығын білдірді», - деді ҚР Жоғарғы Сотының Төрағасы.