Биыл елімізде егістік алқабы 68,6 мың гектарға ұлғаяды

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл елімізде 23,4 млн гектар алқапқа егін егіледі, бұл – өткен жылмен салыстырғанда 68,6 мың гектарға артық. Толығырақ Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Облыс әкімдіктерінің деректеріне сәйкес, биылғы егіс алқаптарының құрылымы қалыптастырылды. Жалпы егістік алқабы 23,4 млн гектар болады, бұл – өткен жылмен салыстырғанда 68,6 мың гектарға көп. Атап айтқанда, дәнді және дәнді-бұршақты егіс алаңын 117 мың гектарға, азық дақылдары алаңын 36,5 мың гектарға және қант қызылшасы бойынша егістік көлемін 6,7 мың гектарға ұлғайту көзделіп отыр. Нарық сұранысының өзгеруіне байланысты мақсары, соя және қыша сияқты кейбір майлы дақылдар егуді шамалы қысқарту жоспарланды», - деді Ербол Қарашөкеев Үкімет отырысында баяндама жасай отырып.

Министрдің айтуынша, биыл күнбағыс секілді әлеуметтік маңызы бар дақылдар алқабы 30,8 мың гектарға ұлғаймақ.

«Сонымен қатар, көкөністер егуді 11,1 мың гектарға ұлғайту жоспарланып отыр. Жиі суаруды қажет ететін дақылдарға келсек, биыл өткен жылмен салыстырғанда мақта алаңы 14,8 мың гектарға азаюы мүмкін – 111,4 мың гектар. Үкіметтің суды көп қажет ететін дақылдар алаңын азайту жөніндегі тапсырмасына қарамастан, күріш егу алаңы өткен жылмен салыстырғанда 7,6 мың гектарға ұлғаюы байқалады», - дейді ол.

Сондай-ақ, Е. Қарашөкеев жоспарланған егістік алаңдары ішкі нарық қажеттілігін толық қамтуға мүмкіндік беретінін айтты.