Биыл еліміздегі емдеу ұйымдарына мемлекеттік аккредитация жүргізіледі

None
АСТАНА. Қаңтардың 30-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Биыл Денсаулық сақтау министрлігі еліміздегі емдеу ұйымдарына мемлекеттік тапсырыстарды орналастырудың мақсаттылығын білу үшін оларға мемлекеттік аккредитация жүргізетін болады.
Бұл туралы осы министрліктің басшысы Жақсылық Досқалиев бүгінгі алқа мәжілісінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бұл жұмысты іске асыру үшін министрлік халыққа қызмет көрсететін медициналық қызметтердің сапасын басқарудың негізін қалауға күш салатын болады. «Біздің миссиямыз денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлеп, жүзеге асыру, салааралық үйлестіруді іске асыру және саладағы көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік реттеу», деді өз сөзінде министр.Ж. Досқалиев ел азаматтарының денсаулығын нығайту, денсаулық сақтау жүйесін басқарудың тиімділігін арттыру, кадрлық ресурстарды және медициналық ғылымды дамыту саланың 2009 жылғы басым бағыттары болып табылатынын атап көрсетті. Осының барлығы Денсаулық сақтау министрлігінің 2009-2011 жылдарға арналған стратегиялық жоспары аясында іске асады. Бұл стратегияны жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 2009 жылы - 299,5 млрд. теңге, 2010 жылы - 411,6 млрд. теңге, ал 2011 жылы - 368,9 млр. теңге қарастырылып отыр.