Биыл еліміздегі мұнай өндіру көлемі 76 млн. тоннаға дейін төмендейді - Б. Сұлтанов

АСТАНА. Сәуірдің 2-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Биыл еліміздегі мұнай өндіру көлемі 76 млн. тоннаға дейін төмендейді. Бұл туралы бүгін Парламент Сенатында өткен «2009-2011 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі

Бақыт Сұлтанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Министрдің айтуынша, әлемдік экономикадағы өсім қарқынының баяулауына және сұраныстың қысқаруына байланысты 2009 жылы қазақстандық экспорттың негізгі ұстанымдарына, атап айтқанда мұнай мен металға бағаның артуы болжанбайды. «Энергия ресурстарын жалпы әлемдік тұтынудың қысқаруына байланысты еліміздегі мұнай өндіру көлемі ағымдағы жылы 76 млн. тоннаға дейін төмендетіледі. Осыған дейін бұл бағыттағы өнім көлемі 79 млн. тонна шамасында нақтыланған болатын», - деді Б. Сұлтанов. Оның айтуынша, 2009 жылы құрылыс саласындағы жұмыстардың 2 пайызға төмендеуі де болжанады. Бұдан басқа іскерлік пен тұтыну белсенділігінің азаюы да қызмет көрсету саласындағы өсім қарқынына ықпалын тигізеді. «Соның ішінде байланыс қызметінің өсімі 5 пайызға дейін, көлік пен сауданың дамуы 1 пайызға дейін төмендейді», - деді министр.