Биыл еліміздегі үш зауыт 17 млн тонна мұнай өңдейді

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Жүргізіліп жатқан күзгі дала жұмыстарына байланысты тамыздан бастап дизель отынына сұраныс артқан. Кейбір өңірлердегі дизель тапшылығына қатысты дүрбелеңге қарамастан, еліміздегі үш мұнай өңдеу зауыты үздіксіз жұмыс істеп тұр. Дизель өндірісі төмендеген жоқ, отын жеткілікті.

Бұл туралы Павлодардағы мұнай-химия зауытына жұмыс сапарымен барған «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесуде «ҚазМұнайГаз» және Павлодар мұнай-химия зауытының басшылығы, жанармай құю бекеттері сауда желілерінің өкілдері ішкі нарықты дизель отынымен қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.

«ҚазМұнайГаз» ҰК Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев мұнай өңдеу көлемі соңғы жылдары тұрақты түрде артып келе жатқанына тоқталды.

«Ағымдағы жылы еліміздегі үш зауыт 17 млн тонна мұнай өңдейтін болады. Яғни, биыл 2021 жылмен салыстырғанда 1 млн тоннаға артық мұнай өңдеу жоспарланған. Сондықтан зауыттардың толық қуатта жұмыс істеп тұруын қамтамасыз ету маңызды», - деп атап өтті Мағзұм Мырзағалиев.

Ал жанармай құю саласында қызмет көрсететін кәсіпкерлер ішкі нарықта дизельге сұраныс аса жоғары екенін жеткізді. Елде бұл отын түрін пайдалану көрсеткішінің өсуіне - Ресей, Өзбекстан және Қырғызстанмен шекаралас өңірлердегі жоғары сұраныс себеп болып отыр. Кәсіпкерлер дерегінше, бұл аймақтарда көршілес елдердің транзиттік жүк көліктері отынды үлкен көлемде құйып әкетіп жатыр. Одан бөлек, олар жанар-жағармайды заңсыз шекара асыруы да мүмкін.

Сонымен қатар жанармай құю бекеттерінің өкілдері Қазақстандағы дизель отынының бөлшек сауда құны Ресейдегі бағадан 1,5 есе арзан екенін атап өтті. Мәселен, 2022 жылы тамызда ресейлік жанармай бекетінде дизель бағасы литріне - 429 теңге болса, Қазақстанда литрі - 238 теңгеден сатылды.

Мұнымен қоса, Орталық Азия елдерінен Қазақстан мен Ресейге ауыл шаруашылығы өнімдері, көкөніс пен жеміс-жидектің тасымалы қазіргі ішкі нарықтағы жанар-жағармай мәселесін күрделендіріп тұр.

«ҚазМұнайГаз» ҰК Басқарма төрағасының орынбасары Арман Қайрденовтің дерегінше, Қазақстанда дизель отынын тұтыну биыл 800 мың тоннаға өседі. Мәселен, 2020 жылғы көрсеткіш 4,7 млн тонна болса, 2022 жылдың қорытындысы бойынша 5,5 млн тонна дизель отына сұраныс болады деп күтілуде.

Жиын қорытындысы бойынша Мағзұм Мырзағалиев күзгі дала жұмыстары кезінде ішкі нарықты дизель отынымен тұрақты қамтамасыз етуді тапсырды. Соымен қатар мұнай өнімдерінің жетіспеушілігін болдырмау мақсатында Шымкент мұнай өңдеу зауытындағы биылғы жөндеу жұмыстары келер жылға шегерілді.