Биыл елорда аумағына 1 млн түп жасыл желек егіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл елорда аумағына 1 млн түп жасыл желек егіледі. Бұл туралы Астана қаласының әкімдігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл әкімдік әлемнің дамыған «жасыл қалаларының» үлгісі бойынша 5 жыл ішінде Астананы «Бақ қалаға» айналдыру бойынша үлкен жұмыс бастады. Алдағы 5 жылға арналған нүктелік стратегияны одан әрі бекіте отырып, Астана аумағын көгалдандыру жөніндегі тұжырымдама (бұдан әрі – тұжырымдама) әзірленді. Ол «2030 жылға дейін қаланың қоғамдық кеңістігін дамыту және көгалдандыру схемасы» жобасымен (жыл сайын нақты көгалдандырылған көшелерді, саябақтарды, скверлерді, отырғызу мерзімдерін, жасыл екпелердің түрлік құрамын және т.б. көрсете отырып) толықтырылатын болады. Тұжырымдама адамның урбанизацияланған ортада қолжетімді және жайлы болуына бағытталған қалалық ортаны оңтайландырудың заманауи тәсілдері мен әдістерін ескеретін қаланы көгалдандыру жүйесін стратегиялық қала құрылысын дамытудың негізгі қағидаттары мен бағыттары әзірленген тұрақты және тиімді көгалдандыру жүйесін құру үшін жағдайларды қамтамасыз етуге бағытталған», - деп атап өтеді әкімдік агенттіктің ресми сауалына берген жауабында.

Осы жылы қаланы көгалдандыруға қаржыландыру 2 есеге ұлғайтылған.

«Сондай-ақ, биыл шамамен 1 млн жасыл желек, оның ішінде қала аумағында 452 мыңнан астам және «жасыл белдеу» аумағында 457 мыңнан астам екпе отырғызылады. Егу учаскелері мен олардың түрлік құрамы айқындалды. Көктемгі отырғызу, оның ішінде «Жасыл Астана» көктемгі экологиялық айлығы аясында бизнес субъектілерін, еріктілерді, экологиялық, жастар және студенттер ұйымдарын тарта отырып, 292 525 дана жасыл желек («Жасыл белдеу» аумағында - 249 514 дана, қала ішінде - 43 011 дана) егіледі. Көгалдандыру жұмыстары күзгі отырғызу және «Жасыл Астана» күзгі экологиялық айлығы кезеңінде жалғасатын болады», - деді әкімдіктен.