«Біз ұшақжайды биыл пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Ол әуе компаниясының өз қаржысына салынып жатыр. Қазіргі таңда басқа қандай да бір әуе компаниясымен әріптестік орнату жағы қарастырылып жатқан жоқ. Бірақ, болашақта ұшақжайды пайдалану бойынша қосалқы бөлшектерді жеткізушілермен және қозғалтқыш өндірушілермен келіссөз жүргізілуі әбден мүмкін», - деді өз сөзінде Air Astana әуе компаниясының аға ұшқышы Игорь Сегедин.
Сондай-ақ, кездесу барысында ол журналистерге әуеге таралатын зиянды заттарды азайту бойынша тиісті шаралар қолданылып жатқандығын жеткізді.
«Air Astana-ның зиянды заттарды азайту бойынша қолданып жатқан шаралары бірнеше кезеңнен тұрады. Бірінші - бұл әуе флотын жаңарту. Ол зиянды заттардың әуеге таралуын азайтуға тікелей әсер етеді. Ұшақтар да машина сияқты ғой, ескірген сайын қозғалтқышлары әуеге зиянды заттарды соғұрлым көп таратады. Соңғы 2-3 жыл ішінде компания өзінің Airbus 320 ұшақтар паркін толығымен жаңартты. Ұшақтардың ұшу жиілігі 31 пайызға артқанымен, біз ұшақтарды жаңаратудың арқасында зиянды заттардың ауаға таралуын жылына 10 тоннаға дейін азайтуға қол жеткіздік. Бүгінгі таңда компанияның әуе паркінде 30 ұшақ бар. Олар: Boeing Airbus және Embraer ұшақтары. Біз тағы да бірнеше Airbus ұшағын сатып алуды жоспарлап отырмыз. Оларға орнатылған жаңа қозғалтқыштар жанармайды 15 пайызға үнемдеуге мүмкіндік береді. Керосин аз жағылған сайын, зиянды заттар да аз тарайды. Тағы бір бағыт - ол, қалдықтарды азайту. Бізде ыдыстардың барлығы пластмассадан жасалған. Қазір компанияда қайта өңделмейтін қалдықтарды азайту бойынша арнайы бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Осыған байланысты, бізде әрбір 3-6 ай сайын тағамдардың, қоқысқа арналған қапшықтардың және басқа да заттардың құрамы тексеріліп тұрады», - деді ол.
Сонымен қатар, кездесу барысында ұшу қауіпсіздігін сертификаттау мәселесі де көтерілді.
«Таяуда Air Astana әуе компаниясы авиациялық қауіпсіздік бойынша Еуропалық комитеттің «қара тізімінен» шықты.
2015 жылдың соңында компания аудиторлық тексеруден ойдағыдай өтті. Біз сондай-ақ, өткен жылы IOSA аудиторлық тексеруінен де ойдағыдай өттік. Енді мұндай тексерулер тек 2017 жылы жүргізіледі», - деді И. Сегедин.