Биыл ерекше қорғалатын аймаққа 600 дуадақ жіберіледі - ҚР АШМ

АСТАНА. 14 қыркүйек. ҚазАқпарат - «Биыл 600 дуадақ ерекше қорғалатын аймаққа жіберіледі.

Бұл туралы бүгін ҚР Ауыл шарашылығы министрлігінің алқа мәжілісінде ведомствоға қарасты Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің төрағасы Ерлан Нысанбаев мәлім етті.

Жоғалу қаупі бар құстарды сақтау және олардың санын көбейту бойынша халықаралық ынтымақтастық аясында жұмыстардың қолға алынғандығын атап өткен ол: «Шымкент қаласында жобалық қуаты жылына 5 мың дуадақты табиғат аясына жіберуге мүмкіндік беретін дуадақ өсіру орталығының құрылысы жүргізілуде», - деді.

Оның сөзіне қарағанда, 2013 жылы осы орталықта өсірілген 100 дуадақ табиғат аясында жіберілетін болады. Ал ағымдағы жылы Біріккен Араб Әмірлігінен жеткізілген 107 дуадақ еркіндікке жіберілген. Бұл құстардың тіршілік ету ортасын айқындау үшін оларға арнайы спутниктік радио хабарын беретін құрылғы байланған.

«Ағымдағы жылы тағы да 600 дуадақты ерекше қорғалатын аймаққа жіберу жоспарланып отыр», - деді Е.Нысанбаев.