12:04, 31 Наурыз 2009
Биыл есірткі саудалаған екі қылмыстық топтың жолы кесілді
АСТАНА. Наурыздың 31-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Өткен жылы құқық қорғау органдары есірткіге қатысты 10 мыңға жуық қылмыстарды анықтады.
Оның 94 пайызы полиция қызметкерлерінің үлесінде. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, полиция қызметкерлері анықтаған қылмыстардың жартысына жуығы немесе 4,5 мыңы есірткіні сату фактісіне қатысты. Осы орайда 9 ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталды. «Биылғы жылдың өзінде есірткі саудалаған ірі екі ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді. Есірткіге байланысты 1600-ден астам қылмыстар анықталды», деді министр. Б. Мұхамеджановтың сөзіне қарағанда, еліміздің барлық құқық қорғау органдарының күшімен заңсыз айналымнан 28 тоннаға жуық есірткі тәркіленді. Бұл көрсеткіш өткен жылға қарағанда 20 пайызға жоғары. Оның негізгі бөлігін, яғни 23 тоннасын полиция қызметкерлері тәркіледі, деді Б. Мұхамеджанов.