Марал ишан қазіргі Қостанай облысының аумағында туып-өскен, руы - керей. Бұқараға барып, діни білім алған. Өзіне берген аян бойынша Сыр өңіріне барып, ислам дінінің құндылықтарын уағыздаған, ел-жұрттың ақылшысы, имандылық жолына бағыт сілтеуші, ерекше қасиетке ие болған адам. Алайда, заманында өзі биліктің қарсылығына ұшыраған. Кейінгі ұрпақтары да қоғам тарапынан тепіреш көрген. Халық әулие санаған Марал ишанның басына келіп, рухына тағзым етіп, дұға оқып, Алладан тілеу тілейтін жандар өте көп. Ауруына шипа, дертіне дауа, жанына медет сұрайтындардың қатары үзілген емес.
Марал ишанның шырақшысы Сисенкүл Мадиярқызы біраз жайтты әңгімелеп берді. «Зиярат етушілердің басым бөлігі Қызылорда, Қостанай, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан облыстарынан, Астанадан және Тәшкеннен келеді. Басқа өңірлерден келген адамдар да дұға етіп, Алладан тілек тілеп, Марал бабаның зиратынан екі жүз метрдей жерде салынған қонақ үйде түнейді. Науқас жандар, бала таппаған аналар келеді. Ниет етіп келгендердің тілектері орындалып жатады. Осы жердің суынан шипа тапқандар да бар. Дегенмен қазіргі таңда «Мұндай жерлерге бармаңдар, тек мешітке келіңдер» деп үгіттейтіндер көбейіп кетті. Бірақ ғасырлар бойы халықтың наным-сенімінде қалыптасып қалған ұстанымдарын жоюға болмайтын шығар»,-дейді С. Мадиярқызы.
Қазір Марал ишан мазары күрделі жөндеуден өтуде. «Қызылорда-реставрация» арнайы ғылыми-реставрация шеберханасының директоры Біртай Бижанов басқаратын ұжым кесенені өте ыждахатпен қалыпқа келтіруде.
Республикалық автокөлік жолынан біраз қашықта орналасқан Марал ишан кесенесіне тек дала жолымен баруға болады.
«Негізгі күре жолдан кесенеге дейін жол салынғаны жөн. Өзіміз тұратын үйде электр жарығы жоқ, жылу жүйесі жоқ. Қыста отыннан көп әбігер көреміз. Қолдау көрсетемін деген азаматтар болса, оң пейілмен қабыл аламыз. Көмір мен отынды тасып әкеліп жағамыз. Көктем мен күзде дала жолын су алып кетеді. Қатынас мүлдем болмай қалатын күндер бар. Қыста жол қатынасы мүлдем қиын. Жолды тазарту үшін әркімге бір жалынып жүреміз. Азық-түлікті дүкеннен өз көлігімізбен әкелеміз. Жол болмаған кезде шыға алмай қаламыз,- дейді Сисенкүл Мадиярқызы.