Биыл Қарағанды мен Алматы арасында 4 жолақты жол құрылысы басталады
Бүгін Ақордада өткен 2012 жылдың қорытындысына және «Қазақстан -2050» стратегиясын жүзеге асыруға арналған кеңейтілген отырыста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке осындай тапсырма берді.
Осыдан 10 жыл бұрын салынған «Астана-Алматы» автокөлік жолы бұл күнде халық арасында «өлім жолы» деп аталып жүргендігін баса айтқан Мемлекет басшысы: «Астана-Алматы тас жолының Теміртаудан Қарағандыға дейінгі аралығы жақсы. Ал Қарағандыдан Балқашқа дейін, одан ары қарай автокөлік жолын 4 жолақты қылып жасау керек. Биылғы жылдан бастау қажет»,- деді Мемлекет басшысы.
Елбасының атап өтуінше, Астанадан Петропавлға дейінгі жол салынып бітті. Енді солтүстіктен Өскеменге дейін, Астанадан Каспийге дейінгі аралықта жол салуды қазірдің өзінде бастау қажет.
«Жол болмаса халықтың әл-ауқаты да артпайды, экономика да өспейді. Сондықтан да осы ауқымды жол құрылыстарына кірісу керек»,- деді ҚР Президенті.