Биыл Қарағанды облысында 50 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Биыл Қарағанды облысында 50 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту жоспарлануда. Өңірде кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы бойынша ірі кәсіпорындарда жаңа жұмыс орындары құрылатын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еңбекпен қамту шаралары туралы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова ведомствоның Instagram парақшасында тікелей эфирде баяндады.

«Биыл Өңірлік жұмыспен қамту картасы бекітілді, оған сәйкес 54 мың адамды жұмысқа орналастыруды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде ұлттық жобаларды іске асырудың арқасында – 5 мың, бос орындарға – 22 мың, жеке бастамалар шеңберінде 17 мың тұрғын еңбекпен қамтылады. Сәуір айындағы жағдай бойынша 8 мың жұмыссыз жалақыға еңбек ете бастады», – деді Әсем Жүніспекова.

Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы бойынша өңірдің 31 мың тұрғыны жұмыспен қамту шараларымен қамтылады. Оның ішінде ізденушілер «Жастар практикасы», «Бірінші жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты», «Күміс жас» жобалары бойынша субсидияланатын жұмыс орындарына жолдама алады. Өңірдің ірі кәсіпорындарында, соның ішінде Saran индустриялық аймағында, Нұра және Бұқар жырау аудандарында және Теміртауда жаңа жұмыс орындары құрылатын болады.

Қысқа мерзімді курстарда 1551 адам оқиды. Облыстың мыңнан астам тұрғыны Skills Enbek платформасы арқылы мамандық ала алады.