Биыл Қарағанды облысында «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша 15 сумен қамту нысаны іске қосылады

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында 2014 жылы «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша 15 сумен қамту нысаны пайдалануға беріледі. Бұл туралы облыстық энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Сергей Касимов мәлім етті.

«Ағымдағы жылы Ақтоғай, Бұхар жырау, Жаңаарқа және Ұлытау аудандарындағы, сонымен қатар Қарағанды, Теміртау, Приозерск пен Сәтбаевтағы 15 сумен қамту нысанының құрылысын аяқтау жоспарланған.

Елді мекендердегі сумен қамту нысандарында құрылыс-жинақтау жұмыстары аяқталуға жақын. Қазан айында көпшілігі қолданысқа беріледі», - деді басқарма басшысы облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков төрағалық еткен кеңесте.

2015 жылдың басында облыста 224 елді мекен немесе олардың жалпы санының 53,5% орталықтандырылған сумен қамту жүйесіне қосылады, деп атап өтті ол.