Биыл қармақшылықтардың қарқыны жақсы - Қызылорда облысы
Қысқы маусымға мал азығының мол қорын әзірлеу науқаны барысында қарқынды қимыл танытқан жергілікті жұртшылықтың ұйымшылдығының нәтижесінде әр гектардан 15 центнерден өнім алынып, екі орымда 7 мың тоннадан астам жем-шөп жиналды.
Алдашбай ауылындағы ахун аттас серіктестік егін салып, мал бағуға қолайлы тың топырақтың төсіне былтыр 160 гектар күріш орналастырып, 8800 центнер өнімді қамбаға құйған-ды. Ал биылғы межесі тіптен биік. Себебі, олар тұрғындардың ұсынысымен астық алқабының көлемін қосымша жүз гектарға ұлғайтып, қауын-қарбыз бен картоп-сәбіз егетін бақшалық жердің де ауқымын арттырды.
- Елбасының бастамасымен кешендік құрылысы қарқынды қолға алынған «Көксарай» су реттегішінің алғашқы кезеңінің көктемде пайдалануға берілгені сырбойылық диқандарды тіршілік нәрінің тапшылығынан құтқарды, - дейді ұйымшыл ұжымның төрағасы Ерлан Қиясов. - Биыл тыңайтқыш пен егілген егіс және жанар-жағармайға жұмсаған жалпы шығынымыздың өтемі мен басқа да материалдық құндылықтардың бағамын арзандатудың ақысы 4,5 млн. теңгені құрады. Осы төлем есеп-шотқа дер кезінде түспесе шаруашылықтың басқа мұқтаждықтарын реттеу оңайға соқпас еді.
Сәндібек Оразов басқаратын бақшашылар бригадасы аудандағы әріптестерінің алғашқы қатарында өздерінен ауысқан өнімдерін аудан орталығындағы базарға шығарып, тұтынушылардың сұранысына сай арзан бағамен сатты. Алдағы уақытта көршілес ауылдар мен шалғай мекендерде ұйымдастырылатын жәрмеңкеге қатысып, қарапайым халықтың алғысына бөленбек.
Жоңышқа ору науқанында 100 гектардан екі жүз тоннаға жуық мал азығын дайындап, төрт түлік өсірген тұрғындарға таратқан шаруашылық басшылығының ендігі мақсаты мал шаруашылығының дамуына үлес қосу. Тұрмысының түрленуі тынымсыз тірлікке тікелей байланысты екендігін түсінген Алдашбай ахун ауылының жұртшылығы атқарушы биліктің тарапынан атқарылған ауқымды істердің ұзақ мерзімді бағдарламаларға сай әлі де жарасымды жалғасын табарына нық сенімді. Құтты қоныста қабырғасы қаланған 200 орындықты мектеп ғимаратының құрылысы аяқталып, өскелең ұрпақ заманауи құрылғылармен жабдықталған кең де жарық сынып бөлмелерінде білім алуда. Ұзындығы алты шақырымға жетерлік ауызсу жүйесі пайдалануға берілді. Көшелер де жөнделіп, ауылдың іргесімен өтетін автокөлік жолына асфальт жамылғысы төселуде. Жарықтандыру мақсатында тартылған электр желілері самаладай шамдарға жан бітіретін болады.