Биыл «Қазақ этнографиялық энциклопедиясының» бесінші томы жарық көреді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Биыл Алматыда «Қазақ этнографиялық энциклопедиясының» бесінші томы жарық көреді. Онда қазақтың дәстүрлі этнографиялық категориялары, ұғымдары мен атаулар жүйесі жасалған. Бұл туралы бүгін Мемлекеттік орталық музейде өткен «Тіл - ұлт мәдениетінің қазынасы» атты іс-шара барысында аталмыш музейдің ғалым-хатшысы Ғалия Теміртон мәлімдеді.

Оның айтуынша, Мемлекеттік орталық музей қазақ тілінің дамуына ғылыми тұрғыда елеулі түрде үлес қосып келеді.

«Музейде қазақ халқының көне тарихына, мәдениетіне, этнографиясына қатысты мыңдаған жәдігерлер сақталған. Соларды бір ретке келтіріп, ғылыми тізімдемесін жасау - бізге парыз. 2011 жылы бірінші томын, 2012 жылы екінші және үшінші томын шығардық. Былтыр төртінші томы басылған. Биыл міне, күн демей, түн демей еңбек етіп, бесінші томын жарыққа шығаруға күш салып жатырмыз. Бұл дүниелер зерттеуші ғалымдар үшін таптырмайтын энциклопедия. Ондағы атаулардың, ұғымдардың барлығы ғылыми тұрғыда әбден, елеп-екшеліп, дәлелденген. Әрбір кітапта 1200-1300-ден астам сөздер, ұғымдар, атаулар, категориялар бар. Барлығы жүйелі түрде жасалған. Ғалымдар өздерінің осындай еңбектері арқылы қазақ тілінің дамуына барынша үлес қосып жатыр», - деді өз сөзінде Ғалия Теміртон.

Айта кетелік, Алматыдағы Мемлекеттік орталық музей - бүкіл Орталық Азия бойынша ғылыми мәртебесі бар жалғыз музей. Яғни, ғылыми-зерттеу институттарымен пара-пар жұмыс істейді.