Биыл «Қазақфильм» 10 толықметражды кинофильмді экранға шығарады

АСТАНА. 26 шілде. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Биыл «Қазақфильм» 10 толықметражды кинофильмді экранға шығарады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед мәлім етті.

«Министрліктің мәдениет саласындағы жұмысының аса бір маңызды бөлігі - ол ұлттық киноөндірісті әрі қарай дамыту. Соңғы жылдары кино саласының өркендеуі байқалады», - деді ол.

Министрдің пайымдауынша, прокаттағы қазақстандық картиналар үлесі мен ұлттық фильмдерге деген көрермендердің ықыласы арта түсуде. «Мен қазақ киносының осылайша өркендеуі Тәуелсіздік жылдарында ғана емес, тіпті «Қазақфильм» құрылғаннан бергі оның тарихында бұрын-соңды болмағандығын нық сеніммен айта аламын. Себебі, «Қазақфильмнің» ең даңқты жылдарының өзінде бір жылда біз 4-5 фильм түсіретінбіз. Ал 2011 жылы 10 толықметражды кинофильмдер экранға шығарады», - деді ведомсво басшысы.

Оның 4-інің, яғни «Балалық шағымның аспаны», «Супер Баха», «Жоюшы», «Жерұйық» фильмдерінің тұсаукесері өтті.