Биыл «Қазақфильм» киностудиясы прокатқа 10 кинотуындыны шығарады
«Қазақфильм» мәліметіне қарағанда, ақпанның соңында балаларға арналған «Жеңіс семсері» фильмі прокатқа шығады. Картинаның желісіне келер болсақ, мектеп оқушысы тылсым ескі қылыш тауып алады. Осы қылышты іздеген батыр мен жонғар әскерлері өткен ғасырлардан біздің заманымызға өтіп кеткенде қызықтың бәрі осы жерден басталады.
Қазақтың халық ертегісінің желісі бойынша түсірілген, Қазақстанның алғашқы толықметражды "Ер Төстік пен АйдаҺар" анимациялық фильмі прокатқа наурыз мейрамы қарсаңында шығады. Қазақ фольклор кейіпкерлерін 3D форматына салып, анимациялық туындыны дүниеге алып келген еліміздің ең үздік компьютерлік графика мамандары мен аниматорлар.
Сәуір айының ортасында жарыққа шығатын «Арман орындалған кезде» фильмінде Nazarbaev University ЖОО-да оқитын студенттердің өмірі баянадалады. Картинада басты кейіпкерлермен бірге танымал музыканттар, тележүргізушілер және еліміздің басқа да танымал тұлғалары ойнайды.
"Охота за призраком" фильмі - экшн жанрындағы ғылыми фантастика элементтері бар туынды. Фильм мамыр-маусым айларында жарыққа шығады деп жоспарланып отыр. Басты рөлдердің бірі - ер жүрек полицейді сомдаған Санжар Мәдиев, ол хакерді қолға түсірмек болады. Хакердің рөлін сомдаған ресейлік әнші Алла Пугачеваның немересі Никита Пресняков. Басты кейіпкерлерге бөгет жасап, олардың жолын кескен Раш есімді арудың рөлін сомдаған голливудтың танымал жұлдызы, «Терминатор -3» фильмі арқылы танылған актриса Кристанна Локен. Сонымен қатар, фильмде Голливудтың тағы да бір жұлдызы Арманд Ассанте («Одиссей», «Гангстер», «Короли мамбо») және отандық актриса Әсел Сағатова («Махаббат тәлкегі») ойнайды.
Жазғы маусымда киностудияның ең табысты жобаларының бірі - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың шығармаларының желісі бойынша түсірілген «Көшбасшы жолы («Путь лидера») атты киноэпопеяның жалғасы - трилогияның екі бірдей фильмі көрерменге жол тартады. «Огненная река» және «Темір тау» («Железная гора») деп аталатын фильмдерде Елбасының студенттік өмірі, достары мен махаббаты жайлы, Теміртау қаласында бастаған еңбек жолы баяндалады. Естеріңізге сала кетсек, трилогияның алғашқы бөлімі «Балалық шағымның аспаны» фильмі 2011 жылы жарыққа шыққан болатын.
"Жол" («Путь боксера») атты спорт драмасы көрермен назарына күз айларында ұсынылады. Асқар Ұзабаев («Ғашық жүрек») пен Фархат Шәріпов («Қызғылт қоян туралы хикая») қолға алған жобада көшедегі төбелестерден кәсіпқой боксшыға айналған чемпионның спорттағы өмірі суреттеледі. Ең қызығы, фильмге шынайы боксшы - чемпиондар да қатысқан екен. Картинадағы кейбір төбелестер Астана қаласында өткен кәсіби жарыстар кезінде түсірілген екен. Басты рөлдерде: Назар Сұлтанбеков, Ержан Түсіпов, Ерік Жолжақсынов, Фархат Әбдірайымов.
Сонымен қатар, көктемде «Қазақфильм» киностудиясының «Авторлық кино» атты арнайы көрсетілім шеңберінде, халықаралық кинофестивальдерде көптеген жүлделерге қол жеткізген фильмдер: Дәмір Манабайдың «Лотерея», Әділхан Ержановтың «Риэлтор» және Дәрежан Өмірбаевтың «Студент» фильмдері прокатқа шығады.