Биыл Қазақстан аумағында ағаш егу 50 мың гектардан астам алқапта жүргізіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР ҚОСРМ Орман және аңшылық шаруашылығы комитетіне бағынысты ұйымдар мен облыстардың қарамағындағы орман шаруашылығы мекемелері мемлекеттік орман қоры аумақтарында көктемгі орман отырғызу жұмыстарын бастады.

ҚР Қоршаған орта және су ресурстары министрлігінің 2014-2018 жылдарға арналған Стратегиялық жоспарында белгіленген міндеттерге сәйкес, ағымдағы жылы орманды молықтыру және өсіру жұмыстары жалпы ауданы 54 мың гектар құрайтын алқапта жүргізіледі. Олардың 40 мың гектары облыстардың орман шаруашылығы мекемелеріне, 14 мың гектары - комитетке бағынысты ұйымдар қарамағында.

Осылайша, биыл Ертіс өңіріндегі қарағайлы ормандар аумақтарындағы 6,3 мың гектар алқапта орманды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілетін болады. Астана қаласының «жасыл аймағын» құру 5 мың гектар алқапта жүзеге асырылмақ.

«Орманды сақтау және республика аумағының орманды жерлерін көбейту жобасы аясында Арал теңізінің құрғаған ұлтанында сексеуіл және басқа бұталы өсімдіктер егу шаралары 10 мың гектар аумақта жүргізіледі»,-делінген ҚР ҚОСРМ баспасөз қызметінің мәліметінде.