«Өткен жылы да «Қазақстан барысының» көрсетілімі шетелдерге таратылды. Атап айтқанда, ресейлік «Боец» және екі грузиндік арналарда көрсетілді. Осы жылы оларға түріктің белгілі «TRT Avaz» спорттық телеарнасы да қосылды. Осылайша көрсетілім аумағын тағы 80 елге көбейтеміз. «Қазақстан барысын» биыл әлемнің 120 елінің көрермендері тамашалай алатын болады», - деді А.Шораев. Еске сала кетейік, «Қазақстан Барысы» турнирі 2010 жылдан бері өткізіліп келеді. "Халықтық" деп танылған жоба еліміздің спорттық өмірінде өз орнын тапты.
Өткен жылы турнирдің жеңімпазы Шығыс Қазақстан облысынан Айбек Нұғымаров болды. Ол ақтық сында Қарағандылық Ержан Шынкеевтен басым түскен болатын.