Биыл Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы тауар айналымы 43% артты – ҚР Президенті

АСТАНА. ҚазАқпарат – Биылғы 8 айда Қазақстан мен Еуропалық одақ елдері арасындағы тауар айналымы 43 пайызға артты. Бұл туралы бүгін Ақордада Еуропалық кеңестің президенті Шарль Мишельмен келіссөздерден кейінгі баспасөзге арналған мәлімдеме барысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі таңда Еуропалық одақ Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктестерінің бірі. 30 жыл ішінде Қазақстанға Еуропадан тартылған инвестиция көлемі 160 млрд доллардан асты. Биылғы 8 айда Қазақстан мен Еуропалық одақ елдері арасындағы тауар айналымы 43 пайызға артып, 26 млрд доллар болды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Президент Шарль Мишельмен пікір алмасу кезінде энергетика, жасыл экономика, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика салаларындағы ықпалдастыққа оң баға бергендіктерін атап өтті.

«Өзара тиімді іс-әрекетімізді одан ары күшейту үшін бірлесе күш-жігер жұмылдыруға келістік. Әсіресе, аса маңызды шикізатты тасымалдау және жасыл сутегі энергетикасын дамыту мәселесінде мол мүмкіндігіміз бар», - деді ҚР Президенті.