Биыл Қазақстан темір жолының құрылғанына 110 жыл толды (ФОТО)
Енді міне, биыл Қазақстан темір жолына 110 жыл толып жатыр. Оның үстіне алдағы тамыз айының алғашқы жексенбісі - теміржолшылар күні. Бұл күн ресми түрде көлік және байланыс қызметкерлері күні деп аталады. Яғни, ауқымды мереке. Бүгінде елімізде теміржолдың жалпы ұзындығы 15 мың шақырымға жуықтады. Ал теміржол саласының өзі шын мәнісінде Қазақстан экономикасының күре тамырына айналды. Еліміз бойынша жүк айналымының 68 пайыздан астамы, ал жолаушылар айналымының 60 пайызға жуығы осы теміржолдың үлесінде. Қазіргі таңда Қазақстанда еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған «Жаңа Ұлы Жібек жолы» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Мұнда темір жол саласына көп міндеттер жүктелген. Бұл жерде сөзсіз «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ филиалы - «Алматы жол бөлімінің» ең үлкен мекемесі «Алматы-1» темір жол стансасының да алатын орны елеулі. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі аталмыш стансаның директоры Мақсат Айтмырзаұлы Қазақпаев мырзаны әңгімеге тартқан болатын.
- Мақсат Айтмырзаұлы, бүгінде «Алматы-1» стансасының әлеуеті қандай дәрежеде?
- Стансаның үш ауқымды паркі бар. Олар: тақ санды қабылдау-жөнелту, жұп санды қабылдау-жөнелту және сұрыптау парктері. Барлығы электрофикацияланған. Бізде тұйықталған 138 кірме жолдар бар. 8 маневрлі тепловозымыз жұмыс істейді. Жұмыс қарқынды жүруде. Барлығына үлгеріп жатырмыз.
- Бүгінде стансаға күніне қанша жолаушы және қанша жүк пойыздары келіп кетеді?
- Бұрындары Алматыға күніне 20 жолаушы пойызы келіп, кететін. Қазіргі таңда күніне 29 жолаушы пойызы келіп, 27 жолаушы пойызы кетеді. Қазір жүрдек пойыздардың үлес салмағы артып жатыр ғой. Бүгінде «Алматы-Астана», «Алматы-Петропавл», «Алматы-Атырау», «Алматы-Шымкент» секілді бағыттарға жүрдек пойыздар жүреді. Олардың қатарына 1 тамыздан бастап «Алматы-Ақтөбе» бағыты да қосылайын деп жатыр. Мұндай пойыздарға сұраныс өте үлкен. Тіпті билет жетіспейді. Ал жүк пойыздарына келер болсақ, «Алматы-1» стансасына тәулігіне 45 жүк пойызы келіп, 47 пойыз кетеді.
- Ал жүктерді түсіру, тиеу жұмыстары бойынша жоспарларыңыз орындалып жатыр ма?
- Бізге ай сайын жоспар беріледі. Эксплуатациялық көрсеткіштеріміз бар. Осы шілде айының өткен екі онкүндігінде жоспар 78 пайызға орындалды. Яғни, күніне жоспар бойынша 89,2 вагон тиеуіміз керек болатын. Оның орнына 71 вагоннан тиедік. Бірақ есесіне қазір үшінші онкүндікте жүк тиеу бойынша жоспар артығымен орындалып жатыр. Күніне 115-117 вагонға жүк тиелуде. Сонымен қатар, күніне 260 вагон түсіруіміз керек. Ол да жоспарға сай орындалып жатыр.
- Локомотивтеріңіз жеткілікті ме?
- Иә, жаңа айтып кеттім, бізде 8 маневрлі тепловозымыз бар. Барлығы жаңа. Оған қоса өткен жылы Қытайдан бірнеше жаңа тепловоз сатып алынды. Қазір сынақтап өтіп жатыр. Негізі бір пойыздың салмағы 2700 тоннадан аспауы керек. Бірақ бізде дөң-сайлы, таулы жерлер бар ғой. Ондай жерлерде вагондарды сүйреу үшін мықты тепловоздар керек. Ал жаңағы тепловоздар 3200 тоннаға дейін тарта алады. Бізде Шу, Отар, Сарыөзек стансаларымен арада жақсы байланыс орнаған. Ол стансаларда да пойыз құрамдары жасақталады.
- «Алматы-1» стансына келіп, кетіп жатқан пойыздардың қанша пайызы транзиттік құрамдар?
- Алтынкөл-Қорғас теміржол желісі іске қосылғалы бері транзиттік пойыздардың саны артты. Ол жақпен негізінен контейнерлік вагондар тиеген вагондар өтеді. Қазіргі таңда Қытайдың Сиань қаласымен де теміржол байланысы орнады. Сол Сиань қаласынан Алматыға дейінгі аралық 3896 шақырым екен. Енді жоспар бойынша ол жақтан шыққан пойыз 6 күнде Алматыда болуы керек. Ол үшін барлық жағдай жасалынып жатыр. Бізде пойыздарға арналған тұйықталған кірме жолдар жеткілікті. Үш сағаттың ішінде бір пойыздың жүгі түсіріліп, тиеледі. Яғни ол жақтан келетін пойыз еш кідірмей, жүктерін түсіріп, қайтадан кері қарай кетіп жатыр. Жалпы «Алматы-1» стансасынан өтетін пойыздардың ішінде транзиттік құрамның үлес салмағы 40 пайыз болады.
- «Алматы-1» стансасы қазір бар қуатында жұмыс істеп жатыр ма?
- Иә, станса қазір өзінің бар қуатында жұмыс істеп жатыр. Бізде артық желі жоқ. Стансаны одан әрі кеңейту қиын. Сол үшін қазір Алматы маңындағы «Қазыбек», «Жетіген» және басқа да стансаларды дамыту көзделуде. Бұл біз үшін үлкен көмек болар еді.
- Мақсат Айтмырзаұлы, алдағы демалыс күні кәсіби мерекелеріңізді атап өтесіздер? Соған орай қандай да бір шаралар өткізесіздер ме?
- Әрине, бұл біз үшін өте қуанышты мереке. Қазір менің қол астымда 398 адам жұмыс істейді. Жыл сайын Сейфуллин даңғылының бойындағы саябақта мерекелік шара өткіземіз. Оған теміржол саласының ардагерлері шақыртылады. Оларға арналған сый-сияпаттарымыз бар. Жалпы теміржолшылардың әлеуметтік жағдайларына көп мән беріледі. Мысалы, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы Алматыдағы құрылысы бітпей қалған тұрғын үйлерді аяғына дейін салып бітіріп, тиісті еңбек өтілі бар, баспанадан таршылық көріп жүрген отбасылы теміржолшыларға беріп жатыр. Бұл жерде пәтердің құнын бөліп төлеуге мүмкіндік беріледі. Бұл да болса теміржол саласында істеп жүрген жандарға үлкен көмек деп білемін.
- Сұхбатыңызға рахмет!