Биыл Қазақстандағы астық шығымдылығына жақсы алғышарттар бар - Үкімет басшысы

АСТАНА. 10 наурыз. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің пайымдауынша, биыл Қазақстандағы астық шығымдылығына жақсы алғышарттар бар.

Бұл жайында Премьер-Министр бүгін селекторлық режимдегі Үкімет отырысында айтты.

К. Мәсімов көктемгі егіс науқанына дайындық деңгейі жоғары екенін айта келе, осы орайда барлық жауапты ведомстволар мен әкімдіктердің де дайындығы тиісті деңгейде екенін жеткізді. «Егіс жұмыстары сәтті өтеді деген үміттеміз. Астық шығымдылығы тұрғысындағы алғышарттар да жоғары. Осы орайда енді барлық жоспарларды аяғына дейін жеткізуіміз шарт»,-деп түйіндеді Премьер-Министр.

Айта кетейік, бүгінгі Үкімет отырысында мәлім болғанындай көктемгі егіс науқанына қатысатын техниканың қазіргі кезде 88 пайызы әзірленді. А. Күрішбаевтың атап өтуінше, дәнді-дақылдардың 8,1 млн. гектары немесе жартысына жуығы озық технология кешендерінің көмегімен себіледі.